901 мың теңге — бұл биыл мемлекеттік сатып алу арқылы алынбақ болған бір батарейка құны. Одан бөлек, Семей әкімдігі екі шыршаны 23 миллион теңгеге сатып алған. Мұның бәріне желі қолданушылары наразы болды. Биыл тағы қандай мемлекеттік сатып алулар қызу талқыланды? Tengrinews.kz тілшісі шолу жасады.
9 миллион теңгеге 10 батарейка
1 қазанда тараздық шенеуніктер 10 батарейканы 9 миллион теңгеге сатып алмақ болғаны анықталды. Мұндай баға облыстық цифрлық технологиялар басқармасының мемлекеттік сатып алу сайтында көрсетілген. Егер жоспар жүзеге асқанда ең арзаны 70 теңге тұратын батарейканың әрбір данасына қазынадан 901 мың 700 теңге жұмсалар еді. Бірақ шенеуніктердің әрекетіне Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті қызметкерлері мен кәсіпкерлер палатасының өкілдері тосқауыл қойған. Олар ұсыныс хат жазып, тауар құнын 299 теңгеге дейін төмендеткен. Нәтижесінде 9 миллион теңге үнемделді. Сала мамандарының сөзінше, бұл оқиға тапсырыс беру кезіндегі қателіктен болған. Дегенмен, тауар құнын нарықтағыдан шарықтатып көрсету өзге салаларда да байқалған.
Облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы Дәурен Омаровтың сөзінше, Тараз қаласы білім бөліміне қатысты тағы бір мәселе болған. Ол жерде компьютерлерді 380 мыңға аламыз деп жоспарланған болса оның нарықтағы бағасы 280-300 мың теңге тұратыны белгілі болды. Соған да байланысты облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті ұсыныс хат жолдаған. Нәтижесінде 16 миллионға жуық үнемдеу жағдайлары болған.
Әкімдікке AirPods
PROTENGE Telegram-арнасы Алматы облысында екі жыл қатарынан Apple компаниясының қымбат сымсыз гарнитурасы сатып алынғаны туралы ақпарат жариялады. Тапсырыс беруші — Алматы облыстық ішкі саясат басқармасы.
Әкімдік өкілдері бұл хабарламаға түсінік берді. Олардың сөзінше, әлеуметтік желілерде жарияланған ақпарат шындыққа сай келмейді. Шындығында шенеуніктер бір құлаққапты 97 мың теңгеге сатып алған. Гарнитура республикалық турнирдің жеңімпазына арналған.
23 миллион теңгеге екі шырша
Әлеуметтік желілерде тараған ақпарат бойынша, Семейде екі жаңажылдық ағашқа бюджеттен 23 миллион теңге жұмсалған. Қала тұрғындары шыршалар мен оның бағасы сәйкес келмейтінін айтып жатыр. Сынға қалалық ТКШ өкілдері жауап берді. Олар «Орал шыршасы» деп аталатын жасанды ағаштар Мәскеуден сатып алынғанын, бірінің биіктігі 19 метр, екіншісі 18 метр екенін хабарлады.
Сондай-ақ, сатып алу құнына шыршалар ғана емес, бірқатар қосалқы шығын, соның ішінде безендіргіштер кіретін көрінеді.
«Орталық алаңдағы шыршаның ұзындығы 200 сантиметр «Жұлдыз»; 10 метрден 200 дана жарықдиодты гирляндалар; «Жұлдыз» ойыншығы — 47 сантиметр, 25 дана; «Жұлдыз» ойыншығы — 36 сантиметр, 220 дана; 245 жұлдыз тәрізді адаптері бар. Сонымен қатар, бағаға Мәскеуден тасымалдау шығындары, құрастыру және салықтар кіреді», — делінген ТКШ бөлімінің хабарламасында.
Майғазиев кіммен соттаспақ болды?
Әлеуметтік желіде мерекеге бөлінген қаражат есебі күмән туғызып, сол кезде журналистер Facebook желісінде 40 миллион теңге жұмсалған айтыс мәселесін көтерген, кейін Zertteu Research Institute қоғамдық қоры Шымкентте Наурызға 565 миллион теңге жаратылғанын жазған. Зерттеуге қарағанда, барлығы 6 сатып алу өткен. Тапсырыс беруші — «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымы» МКҚК. Мемлекеттік сатып алу сайтындағы мәліметке сүйенген қордағылар мынадай шараларға қаражат бөлінгенін жазған:
Шымкент қаласының мәдени нысандарын әлеуметтік желілерде тарату — 22,9 миллион теңге; «Наурыз айтыс» — 40 миллион теңге; «Open Art gallery» — «Айқап» журналының құрылғанына 110 жыл» — 50 миллион теңге; «Дәстүрлі ән мен жырлар» — Дина Нұрпейсова» — 50 миллион теңге; «Bala дауысы, Super Live, Жұлдызай» іс-шарасы — 80 миллион теңге; «Шымкент қайырымды қала» — ұлыстың ұлы күні» — 322,2 миллион теңге.Кейін Майғазин баспасөз мәслихатын өткізіп, бұл ақпаратқа байланысты пікір білдерген болатын. «Музарт» тобының әншісінің айтуынша, 572 миллион теңге (565 миллион емес) — жыл бойы мәдени іс-шаралар өткізуге бөлінген қаржы. Соның ішінде Наурыз мерекесінде 10 күн бойы өткен 103 іс-шараға 213 миллион теңге жұмсалған.
Әнші 29 наурызда жемқор деп жала жапқандарды сотқа беретінін мәлімдеді. Бұл туралы әнші Instagram желісіндегі парақшасында жазды.
2020 жылы желтоқсанда «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымы» директоры болып тағайындалған Сәкен Майғазиев өз өтініші бойынша 2021 жылдың 19 тамызында қызметінен кеткен болатын.
20 миллионға кәдесый
Биыл тамызда Қазнет қолданушылары Алматы қаласының кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы 20 миллион теңгеге естелік сыйлықтар сатып алынғанына наразы болды.
Тамыздың басында қоғам қайраткері Дидар Смағұлов әлеуметтік желілерде мемлекеттік сатып алу сайтында орналасқан ерекше лот туралы деректерді жариялады. Мысалы, қаланың Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы биыл маусымда 20 миллион теңгеге естелік сыйлықтар сатып алған. Мәміле бірден тікелей шарт жасасу арқылы жүзеге асты.
Алматы әкімдігі жағдайға қатысты пікір білдірді. Баспасөз қызметі мәліметінше, естелік сыйлықтар Қазақстанға шетелдік инвестицияларды тарту үшін қажет болған.
«Пандемияға қарамастан, былтыр шетелдік инвесторлармен халықаралық кездесулер өткізілді. Осы іс-шаралар аясында картиналар, шапандар, естелік жиынтықтар және басқа да кәдесыйлар отандық өндірушілерден сатып алынды», — деген еді әкімдік өкілі.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
По сообщению сайта Tengrinews