Үкіметте Қазақстан қалаларында сұйытылған газ қаншадан сатылып жатқаны айтылды 12 января 2022, 09:30

Дата: 12 января 2022 в 09:33 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Энергетика министрі Болат Ақшолақов Үкімет отырысында Қазақстан қалаларында сұйытылған газ қаншадан сатылып жатқанын айтты, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. 

Оның айтуынша, сұйытылған газ нарығындағы жағдайды толық бақылауды қамтамасыз ету мақсатында жедел шаралар қабылданған. 

«Сұйытылған газ бағасын уақытша мемлекеттік баға реттеу енгізілді. Литрі үшін 50-75 теңге аралығында баға енгізілді. Энергетика министрлігінде екі бұйрық бекітілді. Біріншісі — 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін сауда-саттық қағидаларын тоқтата тұру, екіншісі — бәсекелестікті қорғау агенттігі бекіткен бөлшек саудадағы шекті бағаларға сәйкес келтіру үшін сұйытылған газ шекті көтерме бағасын төмендету», — деді министр.

Министр таныстырған баяндама бойынша Қазақстан қалаларында сұйытылған газ қаншадан сатылып жатқаны белгілі болды. Оның ішінде: 

Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарында — 50 теңгеден;

Шымкент, ШҚО, Жамбыл, БҚО, Қызылорда және Түркістан облыстарында — 60 теңгеден;

Алматыда — 65 теңгеден;

Нұр-Сұлтан қаласында, СҚО, Ақмола, Қостанай, Қарағанды және Павлодар облыстарында — 70 теңгеден.

Еске салайық, Қазақстанда газ қымбаттауына байланысты жыл басынан бері митингтер болды. Жаңаөзеннен басталған митинг елдің басқа қалаларында жалғасты. Ал 5 қаңтарда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметті отставкаға жіберді. Газ бағасы 50 теңге болып белгіленді. Ал кейінірек Жаңаөзенде газ өңдеу зауытының директоры ұсталғаны хабарланды. Ал кеше, 11 қаңтарда энергетика министрі қызметінде 4 ай болған Мағзұм Мырзағалиев Мемлекет басшысына алғыс айтып, жаңа министрге сәттілік тілеген еді.

Тоқаев жаңа үкімет мүшелерін тағайындады

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

По сообщению сайта Tengrinews