Түркістанда Ғылым және жоғары білім министрлігі жаңынынан құрылған Студенттік кеңестің бірінші отырысы өтті, деп хабарлайды Arnapress.kz ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оған университеттердегі 80-нен астам студенттік ұйым жетекшілері кірді. Ахмет Ясауи Университетінде өткен іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов, оқу ордасының ректоры Жанар Темірбекова, студенттік омбудсмен Айсұлу Ерниязова және университет ұжымы мен белсенді жастар қатысты.
Отырыс барысында өзін-өзі басқаруды одан әрі жетілдіру, «100 көшбасшы» сияқты жобаларды дамыту, «Студенттерді қолдау экожүйесін» қалыптастыру аясында студенттердің ұлттық одағын құру және тағы басқа ұсыныстар айтылды.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек іс-шараға онлайн-форматта қатысты.
«Бұл Кеңес — студент көшбасшылардың әрқайсысы жоғары оқу орны ішінде де, қалалық және республикалық деңгейде де мәселелерді шешуге қатысатын ұйымдастыру комитеті болады. Өзін-өзі басқарудан басқа біз студенттік лигалармен байланыс орнату арқылы студенттік спортты да дамытуға белсенді қолдау көрсетеміз. Ол үшін біз дамыған елдердің тәжірибесін қарастырамыз. Сондай-ақ Креативті студенттер лигасын құруды жоспарлап отырмыз. Бастапқы кезеңде жұмысты үш ірі бағыт – ойын-сауық креативі, зияткерлік ойындарды ілгерілету, пікірталас қозғалысын қолдау және диалог алаңдарын құру бойынша жүйелеуді қолға аламыз», – деді өз сөзінде министр.
Отырыс соңында Республика күні қарсаңында Ғылым және жоғары білім министрлігі ұйымдастырған «Менің Республикам – менің жерұйығым» Тик-ток байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Фото: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі
По сообщению сайта Arna Press