«Қазақстан халқына» қоры ШҚО-дағы тірек мектепті жарақтады

Дата: 20 декабря 2022 в 12:28 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» қайырымдылық бағдарламасы аясында Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданы Марқакөл ауылының №1 орта мектебінде материалдық-техникалық база толығымен жаңартылды, деп хабарлайды Arnapress.kz «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ауыл шекаралас аймақта облыс орталығынан 400 шақырым жерде орналасқан. Жоба білім беру сапасын арттыруға, үздік педагогикалық тәжірибелер мен әдістемелерді енгізуге және тірек мектептерді қажетті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етуге бағытталған. Материалдық-техникалық жарақтандырудан басқа, мектептің оқытушылар құрамы оқытудан өтіп, әдістемелік қолдау алады.

Бүгінгі таңда жобаның серіктестері «Білім беруді тұрақты дамыту қоры» ҚҚ қызметкерлері және «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ мамандары мектептегі білім беру ортасы мен оқыту сапасын талдау бойынша жұмыстарды аяқтады. Сарапшылар мектепті тірек ретінде дамыту бойынша ұсыныстар қалыптастырып, сонымен қатар мұғалімдерге қажетті біліктілікті арттыру курстарын анықтады. Педагогикалық құрам үшін жаттықтырушылардың өткізуімен оқыту 2023 жылдың ақпан айына дейін өткізіліп, одан соң мектеп үш жылдық әдіснамалық сүйемелдеуге көшеді.

«Мектептің атмосферасы өзгерген. Жоба басында мұғалімдердің көбінде сенімсіздік болды. Содан НИМ-ға оқуға барды, білімін жетілдірді. Келуіне қарсы мектепте қажетті барлық жаңа құрал-жабдықтар дайын, оларды күтіп тұрды. Енді мұғалімдеріміз әр сабағын оқушыны қызықтырып, ерекше өткізгісі келеді», – дейді №1 Марқакөл орта мектебінің директоры Жарқын Үркімбаев.

Мектеп директорының айтуынша, мектеп соңғы 15 жылдан бері алғаш рет жаңартылып отыр. Марқакөл мектебінде 420 бала оқиды. Мектеп жобаға енген сәттен бастап айтарлықтай өзгерді. Барлығы 26 оқу кабинеті жабдықталды, STEM-зертхана, телестудия ашылды.

«STEM-зертхана мен телестудия іске қосылғанда өз көзімізге өзіміз сенбедік. Шын мәнінде қамқорлықты сезіндік. Бізге осындай мүмкіндік бергеннің өзі қандай керемет! Осы күні қала мектептерінің көбінде мұндай жабдық жоқ, ал енді біздің Марқакөлде бар», — деп атап өтті 10 сынып оқушылары Аружан Қабдуали мен Еңлік Саматова.


Материалдық базаны жаңарту «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» қайырымдылық бағдарламасы аясында «Қазақстан халқына» қорының қаражатына 250 млн теңгеге жуық қаражат жұмсалды.

Фото: «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының баспасөз қызметі

По сообщению сайта Arna Press