Абай облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Айдын Бегімбетов брифинг барысында Семей қаласында екі ірі нысан салу үшін болжамды орындарын атады, деп хабарлайды Arnapress.kz тілшісі.
Атап айтқанда, қазір Оқушылар сарайын салу жобасы әзірленуде. Айдын Бегімбековтің айтуынша, оны аспалы көпір ауданындағы айналма жолдағы Абай атындағы мешіттің маңынан орналастыру жоспарда бар.
«Бұл жоба қазіргі уақытта мемлекеттік сараптамадан өтуде. Жоба инвестициялық қаражатты тарта отырып, өтеусіз негізде әзірленеді. Оқушылар сарайы 400 келушіге жоспарланған. Бұл Мемлекет басшысына таныстырылған жоба. Нысанды 2025 жылға дейін аяқтау жоспарлануда», — деп атап өтті басқарма басшысы.
Бұған дейін хабарланғандай, жоспарланған нысандардың тағы біреуі — қаланың сол жағалауындағы Мұз сарайы. Айдын Бегімбековтің айтуынша, алдын ала анықталған жер учаскесі – «Пищевик» стадионының ауданы. Қазір аумақты босату рәсімдері жүргізілуде.
«Бүгінгі таңда қандай да бір объектілерді салу үшін бос учаскелер жоқ. Мұз спорт нысаны бойынша аумақты босату процесі жүріп жатыр. Біз жобалауды одан әрі бастауға мүмкіндік беретін құжаттарды алған кезде, қандай нысан болатынын және құрылыс қашан аяқталатыны туралы нақты айта аламыз», — деді Айдын Бегімбеков.
Сондай-ақ, басқарма басшысы жақында Үкіметте бекітілген облысты дамытудың кешенді жоспарында көптеген маңызды нысандар қарастырылғанын атап өтті. Барлық тізім бойынша құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы қазір жер учаскелерін анықтау бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде. Бұдан кейін жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу басталады.
Фото: kool1017.com
По сообщению сайта Arna Press