Түркістан қалалық полиция басқармасына екі әйел хабарласып, көмек сұрады, деп хабарлайды Arnapress.kz Түркістан облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Көрші тұратын жалғызбасты аналардың айтуынша, біреуінің 10-сынып, екіншісінің 9-сынып оқитын қыздары 29.01.2023 жылы үйлерінен шығып кетіп, содан қайта оралмаған.
Жоғалған жасөспірім қыздарды тез арада табу мақсатында Түркістан қаласының тәжірибелі полицейлері іздестіру жұмыстарын жүргізді. Із-түссіз кеткен екі кәмелет жасына толмаған қыздардың суреттері жолаушы тасымалдаушыларға көрсетіліп, Түркістан қаласында орналасқан ойын-сауық орындары, қонақ үйлер тексерілді.
Сондай-ақ Түркістан облысы ПД қарасты барлық қала, аудандық полиция басқарма, бөлімдерімен, басқа да облыстық Полиция департаменттерінің Криминалдық полиция басқармаларына бағытнамалар жолданды. Түркістандық тәртіп сақшыларының 3 тәулік бойы үзіліссіз жүргізген іздестіру шаралары оң нәтиже беріп, жасөспірім қыздар табылды. Олар облыс орталығындағы 1 мөлтек аудандағы жалдамалы пәтерден анықталды. Осылайша дін-аман табылған оқушы қыздар, отбасыларына қайтарылды.
«Анықталғандай, екі жасөспірім өздері тұру үшін пәтер жалдаған, содан 3 күн бойы сонда түнеген. Қазіргі таңда оқиғаның мән-жайы анықталуда. Қыздардың аналарына профилактикалық түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Өз кезегінде екі қыздың анасы полиция қызметкерлерінің жұмысына риза болып, алғыстарын білдірді», – деп хабарлайды полиция департаменті.
Фото: Baq.kz, Түркістан облысының ПД баспасөз қызметі
По сообщению сайта Arna Press