Видеода балалардың арқаларында соққы іздері, көгерген және қан бар екені көрінеді. Кәмелетке толмағандар аят пен хадис жаттамағандықтан дін қызметкерінен таяқ жеген, — деп хабарлайды Arnapress.kz тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Алайда бұл нұсқаны Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жоққа шығарды. Ведомствоның баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлының айтуынша, діни тәлімгер жеке басының мәселесіне байланысты ашуланып, балаларға қол көтерген. Кәмелетке толмағандардың ата-анасы балаларын мешіт қызметкеріне оқуға берген. Ол бос уақытында үйінде балаларды оқытқан. Мешіт қызметкері этиканы бұзғаны үшін жұмыстан шығарылған.
«Оқиға Шымкентте болды. Сарыағаш ауданының тұрғындары өз сыныптасы — мешіт тәлімгерінен ұлдарына дін сабағын беруін өтінген. Өкінішке қарай, Таспау Сәлімбай мешітінің ұстазы Рүстем Асқаров күнделікті басқа да мәселелерге ашуланып, кәмелетке толмағандарға қол көтерген. Оқиға медреседе болмаған. «Құранды дұрыс оқымағаны үшін балаларды соққыға жыққан» деген пікір шындыққа жанаспайды. Қорытынды жасауға асықпауларыңызды сұраймыз», — деді ҚМДБ өкілі.
Видеоға Шымкент Полиция департаментінің қызметкерлері де жауап берді. Құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғады.
«Бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабы «Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» бойынша Тұран аудандық полиция бөліміне тіркелді», — деді Шымкент ПД өкілдері.
Сурет: egovpress
По сообщению сайта Arna Press