Жемқорлық тәуекелдері картасына енген 156 объектінің 12-сі Абай облысына тиесілі, — деп хабарлайды Arnapress.kz тілшісі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұған дейін Антикор Төрағасы Асхат Жұмағали Мемлекет басшысына берген есебінде республика бойынша құрылыстың ұзақ салынатын санатына өткен 156 проблемалық әлеуметтік объект бар екенін атап өткен болатын.
«Олардың қатарына Абай облысы бойынша Семей қаласындағы «Холодный ключ» және «Ақсай» кенттерін электрмен жабдықтау, «Ғаббасов» және «Орталық» қазандықтарын реконструкциялау, Мәңгілік Ел көшесін абаттандыру (Арбат), Шақаман ауылындағы су құбырының құрылысы, Бесқарағай ауданы Глуховка ауылындағы, Аягөз ауданы Ай және Қопа ауылдарындағы су жинау құрылғыларының құрылысы сияқты 12 объект енген» — делінген хабарламада.
«Ғаббасов» және «Центр» қазандықтарын реконструкциялау бойынша жұмыстар барысын жемқорлыққа қарсы еріктілер мен қоғам белсенділері өз бақылауына алды.
Сондай-ақ еріктілер қазандықтарға өлшеу құралдарын орнатып, сүзгілерді ауыстыруды және кәсіпорынның негізгі құралдарына толық түгендеу жүргізуді ұсынды.
«Теплокоммунэнерго» МКК басшысы Еркен Сағындықов өз баяндамасында жоғарыда аталған қазандықтарды реконструкциялаудың соңғы кезеңі аясында қоғам белсенділері тарапынан айтылған барлық ұсыныстар ескерілетінін атап өтті.
«Осындай жұмыс барлық проблемалық объектілер бойынша жалғасатын болады» – деді Абай облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары Рүстем Тоқбергенов.
Сурет: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті баспасөз қызметі
По сообщению сайта Arna Press