Абай облысы Полиция департаментінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бойынша мамандандырылған бөлім ашылды, — деп хабарлайды Arnapress.kz тілшісі ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл бөлім тек жаңа құрылым ғана емес, бұл – зардап шеккендерге жедел көмек көрсету, тиімді алдын алу шараларын қабылдау және азаматтармен тығыз қарым-қатынас жасаудың кепілі. Бөлімнің негізгі міндеттері – зорлық-зомбылық туралы дабылдарға жедел әрекет ету, қайталанатын оқиғалардың алдын алу, сондай-ақ зардап шеккендерге білікті заңгерлік, әлеуметтік және психологиялық қолдау көрсету.
«Бұл бөлімнің құрылуы – жай бастама емес, бұл өңіріміз үшін аса маңызды қадам. Әрбір зорлық-зомбылық оқиғасының артында нақты адам тағдыры тұр. Сондықтан біздің мақсатымыз – тек әрекет ету ғана емес, осындай жағдайларды алдын алу. Қазір бөлімді жасақтау жұмыстары жүргізіліп жатыр: штат 36 инспектордан тұрады және олар осы маңызды міндетті орындауға толық дайын болады», – деп атап өтті бөлім бастығы, полиция подполковнигі Виталий Каверин.
Өткен жылы Абай облысында 3 548 тұрмыстық құқық бұзушылық әрекетінің жолы кесілді, 3,5 мыңнан астам адам профилактикалық есепке алынды. Бұл көрсеткіштер – тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрестің өзектілігін айқын көрсетеді.
Жаңа бөлім дағдарыс орталықтарымен, медициналық мекемелермен және қоғамдық ұйымдармен тығыз жұмыс істейтін болады. Бұл жәбірленушілерге кешенді көмек көрсетудің жүйесін құруға және әр кезеңде қолдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бөлімнің жедел желісі тәулік бойы жұмыс істейді. Зорлық-зомбылыққа тап болған немесе мұндай жағдайлар туралы білетін әрбір азамат жедел көмек пен қолдауға жүгіне алады.
Сурет: Абай облысы ПД баспасөз қызметі
По сообщению сайта Arna Press