Биылғы көктемде Абай облысындағы стратегиялық маңызды нысандардың бірі – Шүлбі су қоймасында төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында кең ауқымды оқу-жаттығу өтеді, — деп хабарлайды Arnapress.kz тілшісі Абай облысы жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Көлемі 6 шаршы шақырымды, ұзындығы 72 шақырымға дейін созылатын Шүлбі су қоймасы – өңірдегі стратегиялық маңызы зор нысан. Ол электр энергиясын өндіру, су ресурстарын реттеу және ауыл шаруашылығы қажеттіліктерін қамтамасыз ету міндеттерін атқарады. Сондықтан да мұнда кез -келген төтенше жағдайдың алдын алу және онымен күресу жолдарын үздіксіз жетілдіріп отыру қажет.
Аталған оқу-жаттығу Абай облысының жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау басқармасының бастамасымен ұйымдастырылады. Басқарма басшысы Ақылжан Ақылбеков бұл шараның маңыздылығын ерекше атап өтті.
«Өткен жылдардың тәжірибесін ескере отырып, біз алдын алу шараларын күшейтіп жатырмыз. Бұл жаттығудың басты мақсаты – тұрғындар мен жауапты мамандардың төтенше жағдайларда жедел әрекет ету дағдыларын жетілдіру. Құтқару қызметтері мен жергілікті билік құрылымдарының үйлесімді жұмысы – төтенше жағдайлардың алдын алудағы негізгі факторлардың бірі» – деді ол.
2025 жылдың көктемінде өтетін оқу-жаттығу барысында су тасқынына қарсы іс-қимыл, апатты жағдайларда құтқару жұмыстары және төтенше оқиғаларды жою шаралары пысықталмақ. Оған жергілікті атқарушы органдар және Шүлбі су қоймасының мамандары қатысады. Сондай-ақ, жаттығу барысында жергілікті тұрғындарды да төтенше жағдайларға дайындыққа баулу жоспарланып отыр.
«Біздің басты мақсатымыз – адамдардың өмірін сақтау және нысанның қалыпты жұмысын қамтамасыз ету. Жаттығу кезінде түрлі сценарийлер қарастырылып, шұғыл әрекет ету шаралары жан-жақты тексеріледі,» – деп атап өтті Ақылжан Ақылбеков.
Мамандардың айтуынша, бұл оқу-жаттығудан алынған тәжірибе аймақтың төтенше жағдайларға дайындығын күшейтіп, құтқару қызметтері мен жергілікті билік органдарының өзара әрекеттесу тиімділігін арттыруға септігін тигізеді.
Сурет: Абай облысы жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау басқармасының баспасөз қызметі
По сообщению сайта Arna Press