Стоковые изображения от Depositphotos
Омикрон штамы тарауымен спортқа да қауіп төніп тұр. Пандемияның бастапқы кезеңіндегідей қазір көптеген жарыс шегеріліп жатыр. Стадионға кіруге шектеулер қойылды, спортшылардан коронавирус анықталды. Tengrinews.kz тілшісі коронавирустың жаңа толқыны спортқа қалай әсер етіп жатқанын жазды.
Головкин биыл жекпе-жек өткізе алмайды
Омикрон штамы орта салмақта IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің жанкүйерлері үшін жағымсыз жаңалық әкелді. Головкин 29 желтоқсанда Токиода WBA Super белбеуінің иегері жапониялық Риота Муратамен жұдырықтасуы керек еді.
© Boxing Social
Алайда қарашаның аяғында Жапония билігі омикрон штамына байланысты шетелдіктер үшін шекарасын жауып тастады. Сондықтан кездесу шегерілді.
«Жапониядағы жекпе-жек шегерілгеніне қапаландым, бірақ халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігі әрқашан бірінші орында болуы керек. Рингке оралуды асыға күтемін. Өзіңізді қорғаңыз!», — деп жазды Головкин сол кезде.
Муратаның шаруасымен айналысатын Teiken промоутерлік компаниясы бұл кездесу келер жылдың көктемінде өтетінін хабарлады.
Коронавирус жұқтырған футболшы көбейді
Футболда да жағдай мәз емес. Лондондық «Тоттенхэмнің» сегіз футболшысы мен бес қызметкерінен коронавирус анықталған. Олармен байланыста болған ойыншы да көп. Сондықтан кеше Конференциялар лигасының топтық кезеңіндегі «Тоттенхэм» — «Ренн» матчы шегерілді.
Лондондық клуб АПЛ-дің 16-турындағы «Брайтонға» қарсы матчын да кейінгі ауыстырды.
Ағылшынның тағы бір клубы «Лестердің» де жағдайы қиын болып тұр. Кеше Еуропа лигасындағы «Наполиге» қарсы матчте «Лестердің» жеті футболшысы алаңға щықпады.
Фото: Reuters
Алдағы уақытта Англия стадиондарына тек вакцина салдырған жанкүйерлер кіре алуы мүмкін.
Германиядағы жағдай да соған ұқсас. Kicker мәліметінше, ел билігі стадиондарға тек 15 мың жанкүйер кіргізуге рұқсат берген. Жанкүйерлер маска тағуға міндетті, стадионға тек вакцина салдырғандар кіргізіледі.
Ал «Бавария», «Аугсбург» және «Гройтер» секілді клубтар орналасқан Баварияның премьер-министрі Маркус Зедер бұл командалардың матчтері жанкүйерсіз өтететінін хабарлаған.
Қазақстанда шахматтан әлем чемпионаты өтпейді
Биыл 25-31 желтоқсан арасында Қазақстанда блиц пен рапидтен әлем чемпионаты өтуі керек болған. Алайда Халықаралық шахмат федерациясы (ФИДЕ) әлемдік дода жоспарланған уақытта өтпейтінін хабарлады.
Оған елімізде коронавирусқа қарсы шектеу себеп болған. Жаңа шектеулерге сәйкес әлем чемпионатына қатысушылар бір апта карантинде жатуы керек еді.
Енді әлем чемпионаты шегеріледі және басқа елде өтуі ықтимал. Қазір ФИДЕ мұны талқылап жатыр.
Шорт-тректен Еуропа чемпионаты да шегерілді
2022 жылы 10-16 қаңтарда германиялық Дрезденде шорт-тректен Еуропа чемпионаты өтеді деп жоспарланған. Алайда ISU бұл чемпионат өтпейтінін хабарлады.
Фото: olympics.com
Бұған Германиядағы шектеулер себеп болған. Немістің конькимен жүгіру спорты қауымдастағы елдегі шектеулерден айналып өте алмайтынын мәлімдеген.
ISU кейін Еуропа чемпионатын нидерландылық Дордрехтке ауыстырғысы келген, бірақ бұл елде де санитариялық шектеулер болып, құрлықтық жарыс шегерілді.
Миллион доллар сарапқа салынатын жарыс өтпейді
Жаңа штамм салдарынан зардап шеккендер ішінде киберспорт та бар. Electronic Arts компаниясы алдағы жылдың қаңтарында Apex Legends Global Series аясында офлайн-турнир ұйымдастырмақ болған. 40 команда қатысатын жарыста бір миллион доллар сарапқа салынуы керек еді.
Алайда омикрон штамына байланысты ұйымдастырушылар турнирді өткізбейтін болды.
Оның орнына Apex Legends ұйымдастырушылары бес өңірде онлайн-ивенттер өткізеді. Әрқайсында командалар 200 мың долларды сарапқа салады.
Африкадағы теннис жарысы шегерілді
Омикрон штамы анықталған Африкада теннис турнирі өтпейтін болды. 18-19 желтоқсанда Йоханесбургте Africa Cares Tennis Challenge турнирі жоспарланған.
Оған «Үлкен дулыға» чемпиондары, Винус Уильямс, Мартина Хингис, Симона Халеп, Ига Швентек және Слоун Стивенс секілді жұлдыздар қатысуы керек еді.
Винус Уильямс. Фото: Reuters
Алайда дүние жүзінде Оңтүстік Африкаға баруға тыйым салынып жатқандықтан турнирді желтоқсанда өткізуден бас тартылды. Жарыс 2022 жылға шегерілді.
Қытай үш жарыстан бас тартты
Қытай омикрон штамына байланысты мәнерлеп сырғанаудан үш жарыстан бас тартты.
Алдымен Чунчциндегі Гран-Приді өткізбейтін болды, бұл жарыс Италияға ауыстырылды. Кейін Тяньцзинде төрт құрлық чемпионатын қабылдаудан бас тартты, ол енді Эстонияда өтеді.
Ал таяуда өзінің ұлттық чемпионатын да шегерді. Бірақ Қытай билігі 2022 жылдың ақпанына жоспарланған қысқы Олимпиада ойындары уақытында өтеді деп уәде беріп отыр.
Биыл Универсиада өтпейді
Омикрон штамына байланысты 2021 жылғы қысқы Универсиада өтпейтін болды. Сайыстар 2021 жылдың 11-21 желтоқсаны арасында швейцариялық Люцернде өтуі керек болған.
Фото: ТАСС
Швейцария коронавирустың жаңа штамы анықталған мемлекеттердің тұрғындарын елге кіргізуден бас тартты. Мұндай елдер қатарында Аустралия, Бельгия, Дания, Ұлыбритания, Нидерланды, Гонконг, Израиль мен Чехия бар. Тізім әлі де толығуы ықтимал.
«Осы шектеулер салдарынан 2021 жылғы қысқы Универсиада өтпейді», — деді ұйымдастырушылар.
По сообщению сайта Tengrinews