Популярные темы

TikTok-та алаяқтықтың жаңа тәсілі пайда болды 21 декабря 2021, 15:54

Дата: 21 декабря 2021 в 16:03


TikTok-та алаяқтықтың жаңа тәсілі пайда болды
                21 декабря 2021, 15:54
Стоковые изображения от Depositphotos

TikTok-та елді алдап, ақша жымқырған алаяқтар байқалып жүр. Оларға сеніп, қалтасындағы соңғы тиынын тіккен қазақстандықтар да аз емес. Tengrinews.kz тілшісі алаяқтардың арбауына түскен шымкенттік студентпен тілдесіп, мәселенің мән-жайын сұрастырды.

Кейінгі аптада TikTok желісінде бір сарынды тәсілмен алаяқтық қылмыстар пайда болды. 20 жастағы Баймұрат 16 желтоқсанда желідегі алаяқтардың құрбанына айналады. Оның айтуынша, 23 мың теңге көкке ұшып, қайтарымсыз қалған.

«Осыдан 5 күн бұрын TikTok-тың рекомендациясында 40 мыңнан аса жазылушысы бар топтың лотереясын байқап қалдым. Бастапқыда бақылап қана отырдым. Кейін ойын ұйымдастырушыларының сөзіне еріп, ақша тігіп көрдім. Алғашында 3000 теңге салғанымын, кейін сол мөлшерлемені 7 рет қайталап, соңғы ақшамнан айырылдым», — дейді ол.

Баймұрат лотерея жүргізушілерінің қандай амал қолданғанын айтып, белгілі тәсілдердің қулық-сұмдығын жеткізді.

«Егер байқасаңыздар, 1-ден 100-ге дейін нөмірлі ұяшықтар бар. Дәл сол ұяшықтарда 20000 теңгеге дейін ұтыстар қарастырылған. Трансляцияны көріп отырған қатысушы ұйымдастырушының жеке шотына 3000 теңге салып, өз нөмірін таңдайды. Ал соңында ойынды жүргізушілер барлық ұяшықты ашып, бас жүлде 20000 теңгені жеңімпазға табыстайды. Алайда барлығы мен ойлағандай болып шықпады, неге десеңіз, ақшаның барлығы өздерінде қалды. Бұл махинацияға бір емес, бірнеше адамның қатысы бар. Олар ұтысы бар ұяшықтарды өздері таңдап, ал елді бос ұяшықтармен алдап отыр», — дейді шымкенттік студент.

Дәл сол күні Баймұрат тағы да бір ойынға қатысады. Ашынған ол ағасынан қарыз алып, кеткен есесін қайтарғысы келеді.

«Бұл ойында да алаяқтардың құрығына түсіп қалдым. Негізі әу бастан-ақ лотереяның арты жақсылыққа апармайтынын білген едім, бірақ оларды да сан соқтырып кетуге болады деп ойладым. Өйткені ойынның шарты тым жеңіл әрі жеңіп кетуің шапшаңдыққа байланысты еді. Ол қалай? Бас жүлде 40000 теңгені ұту үшін 1000 теңге тігесіз және салым 1 минут 30 секунд ішінде жаңармауы тиіс. Яғни, осы уақыт аралығында басқа қатысушы салым салса, есеп соның пайдасына түседі», — дейді ол.

Баймұрат ұтыс ойынында алаяқтардың ізі барын тек жарты сағаттан соң ғана білген.

«10 минут ішінде екі рет 1000 теңге салдым. 1 минут 30 секунд болды дегенде басқа қатысушы ұтып кете береді. Бірде соңғы секундта ақша салып отырған бір ғана адам екенін байқадым. Есімі — Әйгерім. Пікірде оның есімі жиі аталып, қатысушылар алаяқтардың әдісін біліп қойды», — деді алданған студент.

Осы ретте біз заңгер Бағдат Амандосұлымен хабарласып, ҚР Конституциясында желідегі құмар ойындар жайлы не жазылғанын сұрадық.

«Бұл таза алаяқтардың ісі. Мына ойыннан, әрине, ешкім де ұта алмайды. Біріншіден, ешқандай жазбаша шарт көрсетілмеген. Ал бұл алаяқтық жасаудың басты негізі. Екіншіден, мынадай ойын түріне лицензия (ресми рұқсат) керек. Үшіншіден, ойынды ұйымдастырып отырған белгісіз тұлғалар екені расталып отыр. Бұл да алаяқтықтың тағы бір белгісі», — дейді Бағдат Амандосұлы.

Сондай-ақ, заңгер алаяқтардың арбауына түскен қатысушылардың ақшасын қалай қайтарып алудың жолдарын көрсетті.

«Ең алдымен, ұйымдастырған топты тауып, жіберген ақшаны кері қайтаруды сұрау қажет. Егер олар бас тартқан жағдайда сотқа жүгіну қажет. Жәбірленушілер көп болатын болса, полицияға жүгініп, заң аясында шара қолдануын талап етуге болады. Өйткені Қазақстанның қылмыстық заңында ұжымдық арыз түссе, қылмыстық іс қозғалуы әбден мүмкін. Сонымен қатар, TikTok әкімшілігіне құмар ойындардың ұйымдастырылуы бойынша арыз жазып, алаяқтардың аккаунтын бұғаттауға болады», — деді заңгер.

Автор: Мұхтар Жәмішжанов

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

По сообщению сайта Tengrinews

Поделитесь новостью с друзьями