Стоковые изображения от Depositphotos
2023 жылдың 1 наурызынан бастап елімізде 21-35 жас аралығындағы жастарға 5 млн теңгеге дейін жеңілдетілген шағын несие беру бағдарламасы іске қосылды, — деп хабарлайды Arnapress.kz тілшісі Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз мәжілісінде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның Абай облысы бойынша филиалы директоры міндетін атқарушы Мирас Қалиев атап өткендей, бағдарламаға өтініш берушілердің жеке кәсіпкер ретінде тіркелгендеріне 5 жылдан аспауы керек.
— Несие мерзімі — 5 жылға, мал шаруашылығы саласы үшін 7 жылға дейін. Несие мерзімінің 1/3 кезеңінен аспайтын уақытқа демалыс алу мүмкіндігі қарастырылған. Сыйақы мөлшерлемесі жылдық — 2,5 пайыз. Сондай-ақ кепілзат болуы міндетті. Егер үміткердің өзінде кепіл болмаса, ата-анасының немесе өзге де туысқандарының мүліктерін кепілге қоюға болады, — деді Мирас Қалиев.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ сенімді өкіл ретінде аталған бағдарлама бойынша 1 наурыздан бастап өтініш қабылдауды бастады. Бүгінгі күнге дейін 15 өтініш қабылданған.
— Комиссия құрамына мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ҰКП, БАҚ өкілдері, кәсіпкерлер және басқа да тұлғалар енді. Үміткерлер жобасын осы комиссия алдында қорғайды. Жобаның өзектілігіне, экономикалық маңыздығына назар аударылады, — деді Мирас Қалиев.
Айта кетерлігі, үміткерлер өздерімен бірге жеке куәлік; жоба бойынша бизнес жоспар; қызмет көрсететін банктен шотының бар екенін растайтын анықтама; несиелер және мерзімі өткен несиелердің бар/жоқтығы туралы анықтама; жалақысын және өзге де табыстарын анықтайтын құжаттар; кепіл мүліктің құжатын және оны бағалау туралы есеп әкелуі керек.
Сурет: inbusiness.kz, Абай облысының өңірлік коммуникациялар қызметі
По сообщению сайта Arna Press