Популярные темы

Семейлік құтқарушы төтенше жағдай кезінде қалай жұмыс істегендерін айтып берді

Дата: 19 октября 2023 в 11:28 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Семейлік құтқарушы төтенше жағдай кезінде қалай жұмыс істегендерін айтып берді
Стоковые изображения от Depositphotos

Олжас Мұхтаров Абай облысы ТЖД 1-ші Мамандандылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы. Кәсіби мерекенің қарсаңында Arnapress.kz тілшісіне жұмысының қызығы мен ерекшелігі жайлы айтып берді.

Олжас Мұхтаров бұл салаға 2015 жылы келді. Әскер қатарында азаматтық борышын өтеп келген жігіт, полиция қызметкері боламын деген арман қуып құжаттарын жинай бастаған. Бірақ, әкесі құтқарушы бол, деп ақыл айтыпты.

«Әрине, полиция қызметкерінің де жұмысы оңай емес. Бірақ, құтқарушы болу кез-келген адамның қолынан келе бермейді. Әрі бұл салада күнделікті халықтың алғысын аласын», деді әкем. Бұдан кейін бірден құжаттарымды ТЖБ тапсырдым. Жұмысқа қабылдандым. Сол кезден бері сегіз жыл өтті. Бұл таңдауыма еш өкінбеймін», — дейді Олжас.

Қызметке келген құтқарушылар алдағы тәуілікте не болатынын білмейді. Бұл жұмыстың қызығы да сол, әр-бір жұмыс күнің басқасына ұқсамайды, түрлі жағдайларға тап боласың.

«Жиі түсетін шақыртулардың бірі, балалардың үйде қамалып қалуы. Оқиға орнына келгенде, бірінші уайымға салынып, жылап жүрген ана алдыңнан жүгіріп шығады. Сол кезде тез әрекет етуге тырысамыз, себебі бізді көргенде кейбіреулер тынышталады, ал кейбір кісілер одан сайын уайымдай бастайды. Себебі есіктің ар жағында баламен не болып жатқанын білмейді», — дейді құтқарушы.

Аға құтқарушының осы күнге дейін неше шақыртуға шыққанын есептеу мүмкін емес дейді. Өйткені кейбір аусымда бір шақыртудан, екінші шақыртуға тоқтамай жүретін кездер болады. Ал кейде шақырту мүлдем болмайды екен. Бірақ, бұл өте сирек жағдай.

«Шақыртулар әр түрлі болады. Ағаштан түсе алмай тұрған мысықты шешіп беруді сұрайды. Ота жасату үшін науқас адамды тасымалдауға көмектесеміз. Жол-көлік оқиғаларында көлікте қысылып қалып, өздігінен шыға алмаған адамдарды құтқарамыз.  Өкінішке қарай, адам өлімін жиі көреміз. Көп жағдайда ол үйде қамалып қалып, қайтыс болған адам», деп қосты аға құтқарушы.

Соңғы екі жылда Абай облысында дала өрті мен орман өрті қатты болғаны баршаға мәлім. Алдағы шепте қызыл жалынмен Азаматтық қорғаныс саласының қызметкерлері күресті.

«Бұндай кезде ешкім артық сұрақ қоймайды. Барлығының алдында ортақ міндет – өртті өшіріп, адамдарға қауіпті барынша азайту. Халық бізді көріп, алғыстарын айтқанда, бұл ең үлкен марапат екенін түсінесің. Сегіз жылдың ішінде мамандығымды ауысырамын деген ой мүлдем болған емес», деді Олжас.

Айта кетейік, 2023 жылдың басынан бері Абай облысында 847 төтенше жағдай тіркелді. Оның ішінде 612 жағдай өндірістік және тұрмыстық өртке қатысты. Биылғы жылдың 9 айында құтқарушылар екі мыңнан астам авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізіп, төтенше жағдайларда келтірілген шығынды азайтуға барынша көмектесті. Сондай-ақ, 309 ересек адам мен 43 бала құтқарылды.

Arnapress.kz тілшісі

Сурет: жеке архивтен

По сообщению сайта Arna Press

Тэги новости: Соңғы жаңалықтар қазақша
Поделитесь новостью с друзьями