Стоковые изображения от Depositphotos
Алматыда бүлік болған күндері наразы топтар бұқаның инсталляциясын көше бойына шығарып қойған. Мүсін қаладағы атақты мейрамхананың алдында тұрған. Бұқаны қалаға сыйға тартқан қаржыгер мен мейрамхана қожайыны Tengrinews.kz тілшісіне инсталляция қайдан келгенін айтып берді.
Мейрамхана қожайының айтуынша, Әуезов пен Төле би көшелерінде тұрған бұқа мүсіні екі ай бұрын қойылған.
«Біздің мейрамхананы қарақшылардан осы бұқа құтқарып қалды десек болады. Себебі олар (тәртіпсіздікке қатысқандар) көшедегі жолды жауып тастау үшін инсталляцияны біздің мейрамхана алдынан қиылысқа дейін (100 метрдей) сүйреп апарды. Бар назары бұқада болғандықтан, кафеге шабуыл жасамады. Бірақ қазір қарап отырсам, әлеуметтік желілерде бұқаны Әл-Фараби даңғылынан әкелген деп ойлап қалған сияқты. Негізі ол жақта қазір бұқа мүсіні жоқ. Сондықтан, осында сүйреп әкелді деп ойлап қалған шығар», — дейді мейрамхана иесі.
Алматының Әуезов пен Төле би көшелерінің қиылысындағы бұқа инсталляциясы. © Әлеуметтік желілерде таралған сурет
Ал бұқаның Алматыда екі ғана данасы бар. Мүсінді былтыр, 2021 жылы Алматы қаласына Kazantsev Group кәсіпкерлерге көмек көрсету республикалық орталығының бас директоры Дмитрий Казанцев сыйға тартқан. Ол былтыр бұл мүсін халықтың қаржы сауатын көтеру символы болсын деген ниетпен осындай сыйлық арнауды ұйғарғанын мәлімдеген.
«Шабуылдап тұрған бұқа» салмағы 300 келі, шыны композиттен жасалған. Ол «Көк Төбеде» орнатылып, қаламыздың кезекті әсем символдарының бірі болады», — деген еді Казанцев инсталляцияны таныстыру кезінде.
Оның айтуынша, қалада қазір екі бұқа тұр. Біріншісі «Көк Төбеде», екіншісі «Форт Верный» кафесінің алдында. Алайда Желі қолданушылары бұл бұқаны қаскөйлер Esentai Mall сауда орталығының алдынан сүйретіп әкелген деп ойлап қалған. Желілерде бір топ адам бұқаны сүйреткені түсірілген видео да таралды. Бірақ мүсін Әуезов пен Төле би көшелерінің қиылысынан жолды жабу үшін ғана қолданылған.
Посмотреть эту публикацию в InstagramПубликация от НОВОСТИ ВСЕГО МИРА (@qazaqstan_eli)
Айта кетейік, бұл «Шабуылдап тұрған бұқа» мүсіні әлемге танымал. Оны мүсінші Артуро Ди Модика Нью-Йорктегі Қаржы кварталының алдына қойып, 1987 жылы қор нарығы құлдырағаннан кейін бұқаны «Америка халқының қуаты мен күшінің символы» деп таныстырған. Алайда полиция инсталляцияны тәркілеген. Артынша халық шеруге шығып, наразы болған соң билік бұқаны Бродвейге қарама-қарсы тұсқа қоюға келісім берілген. Содан бері инсталляция «Уолл-стрит бұқасы» аталып, әлемге танылған. 2010 жылы Ди Модик Шанхайда тағы бір бұқа ескерткішін орнатқан.
По сообщению сайта Tengrinews