Стоковые изображения от Depositphotos
Қазақ халқы қашан да қарғысқа байыппен қараған. Әдетте қарғыс емес, алғыс алуға тырысқан. Екі ұғым да түрлі жағдайда айтылады. Этнограф, жазушы Болат Бопайұлының айтуынша, ертеде қарғыс тек адамға айтылмаған. Маман Tengrinews.kz тілшісіне қарғыс пен алғыс қандай жағдайда айтылатынын және қазақ неліктен мал мен табиғатты қарғайтынын түсіндірді.
Болат Бопайұлы алғыс пен қарғыс қай кезде айтылатынын түсіндірді.
«Алғыс ақ батасын ақтарып, бал сөзден мерей төксе, қарғыс нәлет жаудыру сөзбен өлтіре арбайды. Қазақ тілдің осы сипаттарына қарай отырып, бір жүректің екінші жүрекке ыстық ықыласын арнап, адам рухының мерейін жоғары көтеріп, өмірге жігерлендіре, болашаққа үміттендіре айтылатын тәтті тілек сөздерді «алғыс» деп атады да, адам рухына соққы беретін, өмірден түңілдіретін, жағымсыз қылықтарға қарсы айтылған ащы сөздерді «қарғыс» деп атады. Сөйтіп, қазақ жақсылық істеген адамдарға алғыс айтып мадақтайтын, опасыз, жауыз адамдарға қарғыс жаудыратын болған», — дейді этнограф.
Маманның сөзінше, ертеде алғысты да, қарғысты да жай сөзбен емес, шешен тілмен айту шарт болған екен.
«Алғыс та, қарғыс та белгілі адамға, әртүрлі шаруашылыққа, тіпті, өмірдегі нәрселердің бәріне арнайы айтылады. Осы тұрғыдан келеміз де алғыс пен қарғысты шешендік сөздердің бір саласы — шешендік арнауға жатқызамыз. Неге? Ауыз әдебиетіміздің шұрайлы саласы шешендік сөздердің кенже зерттелгені былай тұрсын, қазақтың алғыстары мен қарғыстары ел аузынан жиыла бастағанына да, тым ұзақ болған жоқ», — дейді Болат Бопайұлы.
Болат Бопайұлы алғыс нендей жағдайда және кімдерге айтылатынын түсіндірді.
«Алғыс көбінесе әлеуметке, халыққа көмегі тиген, жақсылық көрсеткен кісіге риза болғанда, кейде топты жерде, кейде жеке жерде айтылады. Кейде алғыс секілді жақсылыққа жақсылық істеген адамға қарата көпті көрген қариялар өмір тәжірибесіне сүйене отырып жақсы тілек айтып, ақ батасын ақтарады. Бұл жағынан бата алғысқа ұқсап кетеді. Бірақ алғыс аз сөзбен айтылып, жақсы лебіз нақты білдіріледі. Мысалы, «жаныңа жамандық бермесін, қарағым», «мәртебең өссін», «мың жаса», «рақмет», «жасың ұзақ болсын», «ұрпақты бол», міне, бұл алғыстар қазақ халқының мейірім түскен адамға айтатын, ақ жол тілеп арнайтын сөздер. Мұндай алғыс сөздер көңіл дән риза болып, марқайып өскен мезгілде айтылады. Алғыста ондай астыртын мағына болмайды. Алғыс тек тура мағынада ғана жақсы адамдарға қарата қолданылады», — дейді этнограф.
Ал жамандыққа, бұзақы адамдарға назаланғанда қазақта қарғыс жаудырады.
«Мысалы «көкшешек бол», «көгала келіп, атың өшсін», «барғаныңнан келме», «жалғызыңнан жайра» деп нәлет жаудырады. Дәмін қызғанып берекені қашыратын дүние құмарларды «дәміңді ит жесін», «дәм атсын», «басың аста қалсын», «асқа жарыл», «итаяғыңды жалағыр» деп сыбайды. Ал асын ішіп, аяғын былғайтын тоғышарларды «дәм-тұз атқыр», «ішкенің бойыңа қонбағыр», «арамтамақ қайыршы», «жарымай қал», «ішің кепкір» деп қарғайды... «Айналайын, құлыным, ойнай ғой, әншейін күлің үйіліп қана қалсын» дейтін жымсыма қарғыстар болады. Дүниедегі қарғыстың ең жаманы — «жымсыма қарғыс». Сырты мақтау, мүсіркеу сияқты болғанымен, ішкі астары толған — у», — деп түсіндірді Болат Бопайұлы.
Ертеде қазақ халқы жаны кейігенде тіпті малына да қарғыс айтқан екен.
«Мысалы «арам қатқыр», «қасқыр жегір», «пәле келгір», «ақ болғыр» деп жалпы төрт түлік малға қарата қарғыс қолданса, әр түліктің бас-басына қарғыс айтады. «Тулақ боп қал, тулақ болғыр» деген қарғысты жылқы түлігіне, «Боздап қал, боздап қалғыр» деп түйе түлігіне, «Кебенек келсін, кебенек келгір» деп ешкі түлігіне, «Қарасан келсін, қарасан келгір» деп сиыр түлігіне, ал «топалаң келсін, топалаң келгір» деген қарғысты қой түлігіне қарата қолданады.
Этнографтың айтуынша, малға қолданған қарғыс пен адамға қаратқан қарғыстың айырмашылығы көп. Малға қарата қолданылған қарғыстардың бәрі ауру-індет төңірегінде болса, оларға сана-сезімге қаратпай, тек ауру тілеген. Малға қаратқан қарғыстардағы тағы бір өзгешелік — қарғыстарды қосарлап айту арқылы сөздің эмоциялық мәнін күшейтіп отырған.
Бір қызығы ертеде жағымсыз ауа райына да қарғыс айтылған.
«Қазақ табиғаттың жағымсыз тартаң күндеріне де қарғыс айтады. «Ызыңдаған күнің құрысын», «Сіркіреген жаңбырың бар болғай», «Қап-қара түнің құрысын», «Қаптаған топан суың құрысын», «Сілкінген жердің бетін ары қылсын» дейді. Мұнда қазақ халқы өзінің қарапайым бақылау тәжірибесіне сүйене отырып, экологиялық тендікті тым ертеден-ақ қорғаған», — дейді маман.
Осылайша қазақ табиғатты сөзбен ғана сескендірген екен.
«Табиғатты қаптаған әскер, қалың қорғаушы қоймай-ақ, қап-қап құжат шығарып шығындалмай-ақ, сым темірмен қоршап қорғамай-ақ торғай аузыңдағы сесті сөзбен-ақ сескендіре білген ғой. Ал өсімдіктерді сындырып, жасыл тіршілікті бүлдірген, гүлдерді үзіп, ағаш бұтақтарын сындырған сотқар балаларды «Көктей сол», «Жер жастанғыр» деп қарғайды. Міне, бұл жаңа заманымызда да экологиялық теңдікті қорғау, күллі адам баласының басты саналы қимылына айналып отыр», — дейді Болат Бопайұлы.
Болат Бопайұлы қазақ қарғыстары мазмұн жағынан сан алуан, формасы жағынан күрделі болатынын айтады. Түрі жағынан да өмірдегі барлық қимылды түгелдей қамтып, жамандық атаулының бәріне қарата айтыла береді екен.
Ал тарихқа байланысты қарғыстар үш түрлі жағдайда қолданылған.
«Бірі — елді жау шауып, жерін, мал-мүлкін тонап, қырғын тұзағын құрған басқыншы жауға, олар туғызған соғыс алапаттарына қарғыс айтқан. Бұл қарғыстар өте зәрлі тілден туып, жауды жеті қат жер астына жастандырады. Екінші бір түрі — адамдар жай назаланғанда немесе біреуден жазықсыз жәбір көргенде, от алып қопаға түскенде соған қарата қарғыс айтады», — дейді маман.
Этнографтың сөзінше, қарғыстың үшінші түрі — жас ұрпақты жамандықтан жирендіріп, бездіру үшін «қарғыс естисің» деп қорқыту мақсатында айтылады. Қазақтың алғыстары мен қарғыстары осылайша туып, тектері мен түрлері барған сайын көбейіп, ел тарихымен бірге сан ғасыр сарабынан өтіп, ауызша сақталып бізге жеткен.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
По сообщению сайта Tengrinews