Стоковые изображения от Depositphotos
Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде Қасиетті Рамазан айының қарсаңында Абай облысының бас имамы Асқар Мұқановтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтіп, бас имам Рамазан айының өтуіне байланысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Arnapress.kz тілшісі.
Биыл Рамазан айы 23 наурыз күні таңғы намаздан кейін басталып, 20 сәуір күні аяқталады. Осылайша ағымдағы жылы Ораза айы 28 күнге созылмақ. Осы уақыт аралығында мұсылмандар таң атқаннан күн батқанға дейін ораза ұстайды. Бір ай бойы күндіз ауыз бекітіп қана қоймай, тамақ ішуден өзге де оразасын бұзатын заттардан бас тартады.
Ал кестеге сәйкес, Қадір түні 17 сәуірден 18 сәуірге қараған түнге түсіп тұр.
«Ораза ұстау ақыл-есі дұрыс, әрбір балиғат жасына толған мұсылманның парызы. Яғни, дені сау адамдар және 9 жастан балаларға ауыз бекітуге болады. Бірақ, адамның денсаулығы келмесе, немесе қария адам болса, олар ораза ұстаудан босатылады. Ең бастысы ниет таза болу керек. Сондай-ақ, Рамазан айын – қайырымдылық айы, деп айтады. Сондықтан садақа беріп, мұқтаж жандарға көмектесу керек», деді бас имам Асқар Әбітайұлы.
Биыл пітір садақа мөлшері әр адам үшін 535 теңге болып белгіленген. Бұл баға 2 келі ұнның құны. ҚМДБ әр өңірден бағаны салыстырып ортақ бағамды шығарды. Сондай-ақ, өңірдің бас имамы ораза айында саудагерлерден азық-түлік бағасын көтермеуге сұрады. Сонымен қатар, мешітке келуге мүмкіндігі жоқ адамдар пітір садақаны банктік төлем арқылы онлайн жасай алады.
«Рамазан айында бірқатар қайрымдылық акциялары ұйымдастырылады. Оның ішінде «Қайырымды жұма»,«Рамазан қоржыны», «Шарапат» қайырымдылық іс-шаралары ұйымдастырады. Облысымыздың тұрғындарын қайырымдылық акцияларға белсенді қатысуға шақырамыз», деді Аскар Мұқанов.
Жыл сайын мешіт тарапынан мұқтаж жандарға «Рамазан қоржыны» аясында қайырымдылық көмек ретінде азық-түлік беріледі. Тізім алдын-ала жасалады, сондықтанда да шынымен де мұқтаж жандар ертерек өтінішпен мешітке барулары қажет.
Бақытгүл Қазез
Сурет: ortalyq.kz
По сообщению сайта Arna Press