Популярные темы

Тоқаев елдің 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарын бекітті

Дата: 07 августа 2024 в 20:48 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Тоқаев елдің 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарын бекітті
Стоковые изображения от Depositphotos

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарын бекіту туралы» 2024 жылғы 30 шілдедегі Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды  Arnapress.kz тілшісі Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.

Атап өтілгендей, экономикалық өсудің сапалық құрамдас бөлігі негізгі капиталға және еңбек өнімділігіне инвестициялардың еселенген ұлғаюы болады, бұл жоғарғы және орта қайта бөлу тауарлары шығарылымының ұлғаюымен қатар жүреді.

«Ресурстарды орнықты пайдаланумен және қоршаған ортаны қорғаумен, сондай – ақ Сот төрелігі мен құқық қорғау органдарының жүйесін одан әрі жақсартумен ұштастыра отырып, мемлекеттің бастамалары әрбір азамат үшін тең мүмкіндіктер жасау арқылы халықтың әл-ауқатын арттыруға және инклюзивті қоғам құруға бағытталатын болады», — делінген құжатта.

Жоспарды іске асырудың негізгі қағидаттары

Құрылымдық жаңару және экономиканың тұрақты өсуі — қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуға және Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарының мақсаттарын орындауға байланысты болатын іргелі міндет.

Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары шеңберінде экономикалық қайта құрулардың негізінде жатқан бес бірізді қағидат айқындалды. Бұл қағидаттар орта мерзімді пайымның құндылық бағдарларын белгілейді және даму басымдықтары мен күтілетін нәтижелерде көрініс табады.

Жаһандық бәсекеге қабілеттілікті арттыру және тауарлар мен қызметтердің сапасын жақсарту үшін бәсекелестікті ырықтандыру және ынталандыру.

Кәсіпкерлікті қорғау және дамыту, сондай-ақ экономиканың өсуі үшін оны жеткілікті инвестициялармен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін инвесторлар үшін түсінікті, болжамды және тартымды экономикалық саясат.

Сапалы білім беруді қамтамасыз етуге және кәсіпкерлік пен шығармашылық бастаманы қолдауға баса назар аудара отырып, қазақстандықтардың әлеуетін ашу.

Инновациялық белсенділікті кеңейту, салалар мен кәсіпорындарды жаңғырту және цифрландыру арқылы экономиканың өнімділігі мен күрделілігін арттыруға баса назар аудару.

Өңірлердің дамуында аса үлкен алшақтықтарға жол бермеу және өңірлердің өз әлеуетін және үлкен экономикалық дербестігін іске асыруы үшін жағдайлар жасау.

Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспары жоспарланған нәтижелер мен іске асыру тетіктерінің ортақтығы негізінде 4 блокқа топтастырылған дамудың 17 бағытын қамтиды.

Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарының тәсілдері, басқалармен қатар, Біріккен Ұлттар Ұйымының 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған негізгі күн тәртібі болып табылатын Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін өтпелі үдерістерді жеделдетуге бағытталған.

Әрбір бағыт үшін 2029 жылға арналған нысаналы индикаторлар мен олардың мәндері, сондай-ақ тиісті күтілетін нәтижелер тізімімен қолдау көрсетілетін дамудың негізгі басымдықтары айқындалған. Бұл ретте, Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары алдағы жылдары іске асыру үшін шаралардың толық тізімін беру міндетін қоймайтынын, сондықтан мақсатқа қол жеткізу құралдарында Қазақстан Республикасының Үкіметі (бұдан әрі — Үкімет) мен жауапты органдарды шектемейтінін атап өту маңызды.

Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарының стратегиялық бағыттарына қол жеткізу үшін елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының 39 көрсеткішін қамтитын негізгі ұлттық индикаторлардың картасы қалыптастырылды, олардың декомпозициясы Мемлекеттік жоспарлау жүйесіне сәйкес салалар мен өңірлер бөлінісінде жүргізілетін болады. Негізгі ұлттық индикаторлар картасына сондай-ақ азаматтардың әл-ауқатының деңгейін және әлеуметтік игіліктердің сапасын өлшеу бойынша бірқатар көрсеткіштер енгізілген.

Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары шеңберінде сапалы институционалдық жақсаруды мониторингтеу үшін халық пен бизнес арасында әлеуметтік сауалнамалар жүргізілетін болады.

Ұлттық даму жоспары бірнеше бағыттарды қамтиды:

1. Денсаулық сақтау

2029 жылға дейін осы даму бағытының негізгі мақсаты — халық денсаулығының жалпы деңгейін арттыру және орташа өмір сүру ұзақтығын 77 жасқа дейін жеткізу. Денсаулық сақтау саласын 2029 жылға дейін дамыту сырқаттанушылықтың алдын алуға және өлім-жітімді азайтуға, МӘМС жүйесін жетілдіруге, оның тартымдылығын сондай-ақ медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталатын болады.

2. Білім және ғылым

Саланы 2029 жылға дейінгі дамыту мектепке дейінгі білім берудің қолжетімділігін арттыруға, орта білім беру сапасын арттыруға, еңбек нарығының қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін ТжКБ жүйесін жетілдіруге, жоғары білім деңгейін әлемдік стандарттарға дейін арттыруға және Ұлттық ғылым моделін қайта жүктеуге бағытталатын болады. Іргелі білімге, цифрлық технологияларға және жайлы білім беру инфрақұрылымына тең қол жеткізуге негізделген сапалы білім беру жүйесі құрылатын болады.

3. Әлеуметтік қорғау

Саланы 2029 жылға дейін дамыту қолдаудың атаулы болуын күшейтуге, азаматтардың зейнетақы жинақтарының өсуіне және инклюзивті қоғам құруға бағытталатын болады, нәтижесінде кедейлік деңгейі қысқарады.

4. Жайлы орта

Қолайлы орта мен халықтың өмір сүру сапасын дамытудың негізгі басымдықтары бәсекелестік артықшылықтар базасында тұрақты экономикалық өсуді ынталандыру, агломерацияларды дамыту, тірек ауылдар базасында ауылдық жерлерде инфрақұрылым мен қызметтерге қолжетімділікті арттыру, «ақылды» елді мекендерді дамыту және төтенше жағдайларға (бұдан әрі — ТЖ) әзірлікті арттыру болады.

5. Экономиканың берік іргетасы

2029 жылға қарай Мұнай-газ саласы экономика құрылымында өзінің маңыздылығын сақтайды, бұған Мұнай өндіру көлемінің өсуі, сондай-ақ тауарлық газ өндіру көлемінің едәуір ұлғаюы ықпал ететін болады.

6. Энергетика

Саланы дамытудың басымдықтары энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және инфрақұрылымды жаңғыртуға инвестицияларды ынталандырудың және кеңейтудің, сондай-ақ экономиканың энергия тиімділігін арттыру шараларын ауқымды түрде енгізудің есебінен көміртегі бейтараптығы жөніндегі міндеттемелерді сақтауға бағытталған.

7. Өңдеу өнеркәсібі

2029 жылға қарай өңдеуші өнеркәсіпті дамытудың мақсаты — жұмыс істеп тұрған және жаңа өндірістердің технологиялылығы мен бәсекеге қабілеттілігін дамыту, ол елдің экспорттық әлеуетін іске асыруға және ішкі нарықтың қажеттіліктерін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, бұл сала шығарылымының елеулі өсуіне әкелуі тиіс.

Өңдеу өнеркәсібіндегі даму басымдықтары сектордың ерекшелігіне және саланың даму сатысына байланысты. Мәселен, салыстырмалы түрде күрделі және Қазақстанда бұрын өндірілмеген өнімдері бар салалар үшін сенімді технологиялары мен жұмыс тәжірибесі бар трансұлттық компанияларды тарту, сондай-ақ инфрақұрылымға, қолдаушы өндірістерге және қаржыландыруға қолжетімділікті қамтамасыз ету басымдыққа ие болады. Сонымен қатар, өңдеу өнеркәсібінің неғұрлым дамыған және ауқымы кеңейтілген секторлары үшін жергілікті орналастырудың тереңдігін арттыру және жаңа, неғұрлым күрделі құрамдауыштарды игеру басымдық болып табылады.

Бұл ретте жалпы басымдықтарға шикізатпен қамтамасыз ету, өндірістерді жаңғырту, кадрлар мен құзыреттерді дамыту, сондай-ақ индустриялық саясаттың инфрақұрылымды және минералдық-шикізат кешенін дамыту жөніндегі жоспарлармен жалпы келісілуін қамтамасыз ету жатады.

8. Көлік-логистика кешені

2029 жылға қарай Қазақстан ірі өңірлік сауда-логистикалық хаб рөлінде едәуір нығая түседі, ал көліктегі және қоймаға сақтаудағы көрсетілетін қызметтердің ЖІӨ-ге үлесі 9%-дан асады.

Транскаспий халықаралық көлік бағдарының (Бұдан әрі — ТХКБ) мультимодальділігі мен бағдарын дамыту, сондай-ақ қазақстандық кәсіпорындар үшін транзиттік тасымалдар мен экспорттық мүмкіндіктер көлемін ұлғайту үшін «Солтүстік — Оңтүстік» бағытының ауқымын кеңейту басым міндеттер саналады. Қазақстан арқылы транзиттік тасымалдау көлемі 2029 жылға қарай 26,7 млн тоннадан 43 млн тоннаға дейін және 1,1 млн жиырма футтық эквиваленттен (ЖФЭ) 2,0 млн ЖФЭ-ге дейін ұлғаяды.

Саланы дамытудың басымдықтары инфрақұрылымды кеңейту мен жаңғыртуды, көлік паркін жаңарту және кеңейту есебінен тасымалдардағы шығындарды азайтуды, операциялық тиімділікті және еларалық кооперацияны арттыруды, сондай-ақ бәсекелестікті ынталандыруды және мемлекеттің қатысу үлесін төмендетуді қамтиды.

9. Агроөнеркәсіптік кешен

Қазақстанда АӨК дамыту үш іргелі міндетке қол жеткізуге бағытталған: әлеуметтік маңызы бар тауарлардың барлық санаттары бойынша азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін ашу және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, сондай-ақ нәтижелі жұмыспен қамтуды және жұмыскерлердің лайықты әл-ауқатын қамтамасыз ету.

Өсімдік шаруашылығында аталған міндеттерді іске асыру үшін дамудың негізгі бағыттары — егістік алқаптарын пайдалану және суды пайдалану тиімділігін арттыру болады.

Мал шаруашылығында инвесторларды тарту және кооперацияны дамыту жолымен саланың ауқымын кеңейту, сондай-ақ эпизоотиялық салауаттылықты қамтамасыз ету негізгі бағыттар болады. Сонымен қатар негізгі бағыттардың бірі ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу деңгейін арттыру болып қала береді.

АӨК-ні ауқымды реформалау қосымша көздерден қаражатты белсенді тарта отырып, саланы қаржыландыруды едэуір ұлғайтуды талап етеді. Бұл ретте мемлекеттік қолдаудың барлық шаралары бірыңғай цифрлық платформа шеңберінде «бір терезе» қағидаты бойынша ұсынылатын болады.

10. Инновациялар, цирфрлық және креативті экономика

Елдің инновациялық әлеуетін кешенді дамытуға және оның сапалы жаңа деңгейге өтуіне, сондай-ақ олардың ел экономикасына қосқан үлесін біртіндеп арттыра отырып, креативті индустрияларды дамытуға ерекше назар аударылатын болады.

Шешімдердің тиімділігін арттыру және адами факторды болдырмау үшін мемлекеттік органдар технологияларды қолдану арқылы экономиканың дәстүрлі салаларын түрлендіруді көздейтін цифрлық трансформация карталарын әзірлеуде.

11. Туризм

2029 жылға қарай шетелдік туристерді орнықты тартуда барынша әлеуеті бар Астана және Алматы қалалары (Алматы тау кластерін қоса алғанда), Маңғыстау, Түркістан, Бурабай курорттық аймағы сияқты туристік дестинациялар басым дамуға ие болады.

Сурет: Zakon.kz

По сообщению сайта Arna Press

Тэги новости: Соңғы жаңалықтар қазақша
Поделитесь новостью с друзьями